САҒАН ЕШКІМ ЕШТЕҢЕ БЕРЕШЕК ЕМЕС!
Әкенің қызына ақылы. Көп нәрсені түсінуге септеседі.
— Жуырда жаңа жыл. Саған не сыйларымды білмей далмын. Сен көп нәрсеге қызығатыныңды білемін. Кітап, ойын, көйлек… Дегенменен, мен сыйға тартқан дүниенің әрдайым жаныңда болатындай құнды болғанын қалар ем. Ол саған осы мейрамды ылғи есіңе салып тұрса деген ниетім бар. Не сыйларымды енді ғана сезгендеймін. Тапқандаймын. Саған өмірдегі бір ақиқат туралы айтайын. Оны түсіну маған оңайға түспеді. Егер сен сол ақиқатты қазір түсінсең, ол сенің өміріңді мың есе артық етер еді. Сонда бұл ақиқатты естімеген елдің басындағы қиындықтан ада болар ең. Оны түсіну өте оңай: саған ешкім ештеңе берешек емес. Мұны қалай түсінуге болады? Мұндай қарабайыр сөздер қалай ғана маңызды ақиқат бола алады? Оның байыбына бармасаң, бастапқыда солай жайдақ көрінеді.
Дегенмен, осы қағида адам өмірін бекершіліктен құтқарады. Сенің өмірің – ол сенің өмірің. Сен үшін ешкім бұл жолды жүріп өтпейді. Өйткені, сен – ол сен. Басқа емес. Әркім өзі үшін өмір сүреді. Өз бақ құсына жүректен ұя салады. Осыны ертерек түсінсең, соғұрлым елес қуып, бос арманға алданбассың. Тегін дүниені күтетін уақыт ысырапшылдықтан бойыңды аулаққа саласың.
Ешкім келіп сені бақытты етпейтінін түсінсең, өмір сүру оңайырақ бола түседі. Ешкім сені сүюге міндетті емес. Егер жазатайым біреу сүйе қалса, онда сенің жүрегіңде оны бақытты ететін бір ғажаптың болғаны. Сол ғажаптың не екенін түсінуге тырыс. Түсінсең, оны ұлғайтуға ұмтыл. Сонда сені бұрынғыдан да бетер сүйе бермек. Егер бөтен адамдар сен үшін бір жақсылық жасағысы келсе, онда бұл олардың ықтиярындағы әрекет. Олар сол жақсылықты жасағысы келгені. Яғни, бір себептермен сен ол адамдарға қымбат болғаның. Сондықтан сенің ықыласыңа бөленгісі келгені. Бірақ мұны өзгелер саған жайдан жай берешек екен деп түсінбеу керек. Бұлай ойласаң, онда өзіңді ешкімге сыйлата алмағаның.
Кей адамдар өлсе де саған жақсылық жасамайды. Сезесің. Бірақ ешкім саған берешек емес екенін түсінген адам, ешкімнің өзіне ілтипатты болуы шарт емес екенін пайымдайды. Сонда сен жаныңа қаяу салар адамдардан іргеңді аулаққа салатын боласың. Сен де оларға ештеңе берешек емессің. Сосын тағы да: саған ешкім ештеңе берешек емес. Сен тек өзің үшін жақсаруың керек. Сонда өзгелер саған тартылады. Сені қоштағысы, қолдағысы келеді. Сенімен бар жақысылығын бөліскісі келеді. Ал, біреулер жақындауға үркеді. Мәселе тіпті сенде емес, олардың өзінде болуы да ғажап емес. Егер солай болып жатса, өзіңе қуаныш сыйлайтын адамдарды ізде. Өзгенің жан жарасын өзіңе жүк етіп, артып алма.
Айналаңдағы адамдардың арасында жүрген соң олардың сыйластығы мен ықыласына бөлену үшін өзіңнің адами болмысыңнан ауытқымауың керектігін түсінсең, ешкімнен еш жақсылық күтпесең, сонда ғана өмірден көңілің қалмайды. Өзгелер сезімімен, ойларымен сенімен бөлісуге міндетті емес. Ал, әгәрәки, бір адам солай істесе, онда сен соған лайық болғаның. Сені біреу сүйсе, сол махаббатқа лайық болғаның. Сол сезімге лайық болғаныңа қуана біл. Өмірлік достарыңның ілтипатына сай болғаның арадағы сыйластықтан сезілер. Мұның бәрі сенің еңбегің. Осылай болуға тиісті деп қабылдасаң, бәрінен лезде-ақ айырылып қаласың. Олардың бәрі сенің меншігің емес, олардың сыйластығына ие болу үшін тер төгесің, сыналасың, содан соң ғана сыралғы дос боласың. Лайықты бола біл.
Менің басымнан өткен тәжірибеме қарап айтсам, маған ешкім берешек еместігі ой-таназарыма жеткен сәтте, арқамнан ауыр жүк түсірдім. Алысып-тартысып өткен өмірдің тең жартысы бекершілікке кеткенін түсіндім. Тым көп нәрсеге талпынып, күткеніме қол жеткізе алмайтынмын. Ешкім тектен тек сыйламасын ойламаппын. Ешкім бекерден бекер менімен дос болып, сүйіп, менің жетілуіме үлес қоспайды екен. Осыны түсінген соң менің өмірді қабылдауым өзгерді. Мен жүрегім қалаған, аңсарым ауған жандардың қасынан табылатын болдым. Өзіме ұнайтын нәрсені жасауды үйрендім. Осы түсінік маған жақсы достарды табуға жол ашты. Кәсібімдегі серіктестерім де сәтті жолықты. Тұтынушылар да ризашылықпен қабылдайды.
Осы ақиқат қалаған арманыма қалай жетуім керек екендігін көрсететін, бастайтын темірқазық іспетті.
Өзге адаммен жақындасу үшін оның не сезіп, не білетінін түсінуім керек. Не маңызды, не мәнсіз екенін анықтап алуым қажет. Сонда ғана барып онымен байланысуым дұрыс па, бұрыс па – түсінемін. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді екі ауыз сөзге сыйдыру оңай емес, әрине. Бірақ, сен, айнам, осы сөздерімді әр жаңа жыл сайын ашып оқып, олардың байыбын тереңірек түсіне түсерсің. Сенің тезірек түсінетініңе үміттімін. Саған ешкім берешек емес.
(с) Гарри Браун,
25 желтоқсан 1966 ж.
Аударған Шынар Әбілдә